Павлодарда өндіріс саласын таңдаған жастар аз емес. Зауытта газбен дәнекерлеуші болып еңбек ететін 22 жастағы Филипп пен Франц Майерлер колледжді тәмамдағаннан кейін зауытқа орналасқан.
Ұлттық Ұлан қатарында әскери борышын өтеген егіздер бүгінде зауыттағы өз қызметіне қайта оралды. Олар жұмысшы мамандығының беделін көтеріп, жастарға үлгі болып отыр.
Павлодар монтаждау колледжінің түлектері кезінде қанатты металл шығаратын зауытқа өндірістік тәжірибеден өтуге келген екен. Еңбекқор жігіттер бірден көзге түсіп, жұмысқа шақырту алады. Бүгінде олардың кәсіпорындағы еңбек өтілі төрт жылдан асқан. Егіздер әскерде де, қызметте де әрдайым бірге, жұптары жазылған емес.
Франц Майер, Орталықтандырылған жөндеу цехының газбен дәнекерлеушісі:
- Біз әскерге кеткен кезде жұмыс орнымыздың сақталатынына күмәнданған жоқпыз. Бұл жерде жұмыс істеу өзімізге қатты ұнайды. Сондықтан әскери борышымызды өтеп келген соң, міндетті түрде зауытқа қайта оралатынымызға сенімді болдық.
Егіздерді адамдар жиі шатастырып жатады. Бірақ өздері бұл жағдайды өз пайдасына ешқашан қолданбапты. Қарапайым ауылда өскен жігіттер мақсатқа тек адал еңбектің арқасында жетеміз -дейді.
Филипп Майер, Орталықтандырылған жөндеу цехының газбен дәнекерлеушісі:
- Университетті бітіргеннен кейін де зауытта жұмысымызды жалғастырғымыз келеді. Алайда ол кезде қарапайым жұмысшы ретінде емес, бұдан бір саты жоғары лауазымға ие болсақ деп үміттенеміз.
Егіздердің мінезінде айырмашылық көп. Филипп – сабырлы, ал Франц – батылдау. Учаске басшысының айтуынша, екеуінің де жауапкершілігі жоғары.
Сергей Сердюков, Орталықтандырылған жөндеу цехының учаске басшысы:
- Бұл жігіттердің әлеуеті өте жоғары. Әскерден кейінгі жарты жыл ішінде Франц бесінші разряд алды. Ал бір жыл өткен соң Филипп те бесінші разрядқа ие болды. Жұмыстарын тиянақты атқарады, алға ұмтылып тұрады.
Филипп пен Франц қазір Торайғыров университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Зауытта еңбек етудің жауапкершілігі жоғары екенін егіздер жақсы түсінеді. Талапты жастар барлық салада озат болуға ұмтылады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков