Қазақстанда жұмыссыз азаматтар кәсіби дағдыларын тегін растау мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.
Ведомство дерегінше, Ұлттық біліктілік жүйесінің Career Enbek цифрлық платформасында кәсіби біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге мүмкіндік беретін бір реттік ваучер алу қолжетімді.
Биыл 442 ваучер беріліп, 220 адам біліктілікті тану рәсімін толық тәмамдады.
Аталған электрондық құжатты алу үшін тіркелген жұмыссыз азаматтар Career Enbek платформасындағы жеке кабинеті арқылы өтінім беруі тиіс. Өтінімге білім туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі. Одан кейін тізілімнен қажетті мамандықты және процедураны жүргізетін кәсіптік біліктілікті тану орталығын таңдау қажет.
Өтінім түскеннен кейін Мансап орталығының мамандары өтініш берушінің жұмыссыз мәртебесінің бар-жоғын және осы жылы оған бұған дейін ваучер берілмегенін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша жеке кабинетке ваучер беру немесе беруден бас тарту туралы хабарлама жолданады.
Оң шешім қабылданған жағдайда ваучер автоматты түрде Career Enbek жүйесіндегі жеке кабинетте көрсетіледі және белгіленген мерзім ішінде (45 күнтізбелік күн) қолданылады. Осы кезеңде азамат алдын ала таңдаған біліктілікті тану орталығында өз біліктілігін тану рәсімінен өтуі тиіс. Процедура ақысыз, өйткені шығындар ваучермен жабылады.
Бір реттік ваучер жылына бір рет беріледі. Белгіленген мерзімде рәсімнен өтпеген жағдайда ваучердің күші жойылады.
Өтінімдерді 1 қаңтардан 1 қарашаға дейінгі кезеңде беруге болады.