Абай облысында кәмелетке толмаған баласын қамтамасыз етуге арналған алиментті өндіру туралы сот шешімін ұзақ уақыт бойы орындамаған Семей қаласының 38 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды.


Сот актісіне сәйкес, ер адам 2017 жылдың желтоқсанынан бастап ай сайын табысының 1/4 бөлігі көлемінде алимент төлеуге міндеттелген.

Алайда ол бұл міндеттемені жүйелі түрде орындамаған. Атқарушылық іс жүргізу 2021 жылдың 23 қыркүйегінде басталып, борышкерге оның алимент төлеуден жалтару жауапкершілігі түсіндірілген. 2024 жылдың мамырында оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде қайта ескерту жасалған.

Жұмысқа орналасу қажеттігі туралы тапсырмалар берілгеніне қарамастан, ер адам еңбек ету мен борышын өтеуден бас тартқан.

1 шілдедегі жағдай бойынша алимент бойынша берешек 5 101 670 теңгені құрады. Тергеу барысында азаматтың жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндігі бола тұра, үш айдан астам уақыт әдейі жалтарғаны анықталды. Оның әрекеті балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабы бойынша сараланды.

Сот шешімімен ол 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына тартылып, пробациялық бақылауға алынды. Сотталғанға тұрғылықты жері мен жұмыс орнын уәкілетті органның рұқсатынсыз өзгертуге, ойын-сауық орындары мен алкоголь өнімдерін сататын нүктелерге баруға, алкогольдік ішімдік, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды.

Сондай-ақ оған 22:00-ден 06:00-ге дейін үйден шығуға және өңір аумағынан уәкілетті органның келісімінсіз кетуге болмайды. Сонымен қатар, ол өзінің асырауындағы тұлғаларды қамтамасыз етуге міндетті. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда, сотталған жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады.