Бұл туралы сала басшысы KAZENERGY қауымдастығы кеңесінің 44-отырысында айтты.
Қазақстан Үкіметі Каспий құбыр консорциумына (КТК) жасалған шабуылдардан кейін қиындықпен бетпе-бет келіа отыр. Негізгі экспорттық магистраль істен шыққан жағдайда мұнайды қай бағытқа жөнелтуге тиімді екені мәселе тудырып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл ретте басқа бағыттар мұнай тасымалының қажетті көлемін қамтамасыз ете алмайтыны белгілі. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КТК-ға толыққанды балама жоқ екенін, ал өзге бағыттар тек жүктің белгілі бір бөлігін ғана тасымалдай алатынын айтты.
KAZENERGY қауымдастығы кеңесінің 44-отырысы аясында жағдайға түсініктеме берген министр КТК көлемінің тым ауқымды екенін, сондықтан қолданыстағы маршруттардың оны толық алмастыра алмайтынына тоқталды.
![]()
"Бүгінгі таңда КТК-ның баламасы жоқ, мұны мойындауымыз қажет. Оның өткізу қабілеті – 65 млн тонна. Бұл көлемді басқа бағыттар қамтамасыз ете алмайды", – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр балама ретінде жұмыс істей алатын "Баку-Тбилиси-Джейхан" бағытын атады. Сондай-ақ "Атырау-Самара" бағыты арқылы Қара теңіз бен Балтық теңізі порттарына жеткізуге болады. Алайда ол КТК-дағы зақымданған жабдықты қалпына келтірілгенге дейін нақты қанша көлемді қайта бағыттауға болатынын нақтылаған жоқ.
Кеңесте соңғы шабуылдардан кейін инфрақұрылым қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Ерлан Ақкенженов ведомство саяси баға беруден әдейі тартынатынын, мұндай түсініктемелерді сыртқы саясат органдарынан алу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар министр консорциум шарттарында жауапкершілік шекаралары нақты көрсетілгенін еске салды.
"Құбыр қай елдің аумағы арқылы өтсе, сол ел оның қауіпсіздігіне жауап береді. Өзге елдерге қатысты мен пікір айта алмаймын", – деді Ақкенженов.
Айта кетейік, 2025 жылы 29 қарашада Астана уақытымен 06:00-де Новороссийск қаласында орналасқан порт ауданындағы теңіз инфрақұрылымына ұшқышсыз құрылғылар шабуылдады. Салдарынан айлақтағы АТҚ-2 қондырғысы істен шығып қалды. Агрегат толық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін істен шығарылды.
Сонымен қатар күні кеше Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан Каспий құбыр консорциумына (КТК) жасалған шабуылдарды Украина тарапымен талқылады.