Өтінімдерді 1 қаңтардан 1 қарашаға дейінгі кезеңде беруге болады.


Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы Career Enbek кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге мүмкіндік беретін бір реттік ваучер алуға жағдай жасайды. Биыл 442 ваучер беріліп, 220 адам біліктілікті тану рәсімін толық тәмамдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған электрондық құжатты алу үшін тіркелген жұмыссыз азаматтар Career Enbek платформасындағы жеке кабинеті арқылы өтінім беруі тиіс. Өтінімге білім туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі. Одан кейін тізілімнен қажетті мамандықты және процедураны жүргізетін кәсіптік біліктілікті тану орталығын таңдау қажет.

"Өтінім түскеннен кейін Мансап орталығының мамандары өтініш берушінің жұмыссыз мәртебесінің бар-жоғын және осы жылы оған бұған дейін ваучер берілмегенін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша жеке кабинетке ваучер беру немесе беруден бас тарту туралы хабарлама жолданады. Оң шешім қабылданған жағдайда ваучер автоматты түрде Career Enbek жүйесіндегі жеке кабинетте көрсетіледі және белгіленген мерзім ішінде (45 күнтізбелік күн) қолданылады. Осы кезеңде азамат алдын ала таңдаған біліктілікті тану орталығында өз біліктілігін тану рәсімінен өтуі тиіс. Процедура ақысыз, өйткені шығындар ваучермен жабылады", – делінген баспасөз мәліметінде.

Бір реттік ваучер жылына бір рет беріледі. Белгіленген мерзімде рәсімнен өтпеген жағдайда ваучердің күші жойылады.