2030 жылға қарай Алматы халықаралық әуежайының өткізу қабілеті 19 миллион жолаушыға дейін артады.


Бұл туралы Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәслихаттың отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды салуға бағытталған ауқымды жобалар көзделген. Қолданыстағы тау-шаңғы инфрақұрылымының өткізу қабілеті 5 есеге ұлғайтылады. 2030 жылға қарай Алматы қаласында 7 мың нөмірге есептелген 60 орналастыру нысаны салынады. Жалпы алғанда, қаланың қонақүй нөмірлік қоры 19 мың нөмірге дейін өседі", – Бауыржан Құдайбергенов.

Басқарма басшысы өсімге Алматы халықаралық әуежайының жаңғыртылуы әсер ететінін айтып отыр. Оның мәліметінше, 2030 жылға қарай әуежайдың өткізу қабілеті 19 миллион жолаушыға дейін артады.

"Туристердің жалпы саны 2030 жылға қарай 2,8 млн адамға дейін өседі деп күтілуде, оның ішінде шетелдік туристер саны 1,1 млн адамға дейін артады", – деп атап өтті спикер.

Айта кету керек, бұған дейін Алматы экономикасында шағын және орта бизнес үлесі артатынын жазғанбыз. Алматы елдің жалпы ішкі өнімінің 23%-ын қалыптастырады.