Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген депутат Мұрат Әбенов еліміздегі «қайтарылмайтын билет» түсінігі халықаралық стандарттарға мүлде сай емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл ақшаның бір бөлігі ғана ұсталынады деген ұғым, ал Қазақстанда бұл жүйе тұтынушыға зиян келтіретін деңгейге жеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.


Депутаттың айтуынша, шетелде билет толық бағамен сатылса, компания тұтынушы қаражатын пайдаланғаны үшін жауапкершілік алады және ақшаны қайтарудан бас тартпайды.

«Мысалы, билет 40 мың теңге, ал мен оны жеңілдікпен 12 мыңға сатып алдым, мұндай билеттердің бір бөлігі қайтарылмайтын болуы мүмкін. Бірақ бізде олай емес. Қазақстанда билеттердің басым бөлігі негізсіз «қайтарылмайды» деп рәсімделеді. Келісімшартты көрсетпей тұрып, тұтынушыдан ақша ұстап қалуға ешкімнің құқығы жоқ», деді ол.

Әбенов вице-министр Талғат Ластаевтың мәлімдемесін сынға алып, мемлекеттік қызметкер қоғамға жалған түсінік қалыптастырмауы тиіс екенін атап өтті.

«Парламентке келмей тұрып, мәселені толық зерттемей, қоғамды депутаттарға қарсы қою – этикаға да, заңға да қайшы. Бұл жеке тасымалдаушылардың мүддесін қорғау. Ал билеттер бізде онсыз да тым қымбат», деді мәжілісмен.

Ол сонымен бірге авиакомпаниялар бұған дейін жеңілдіктер сұрағанын, алайда тұтынушы үшін билет бағасы арзандамағанын мысалға келтірді.

«Қызылордаға билет алдын ала алсам да, 40 мың теңге. Тағы да «қайтарылмайды» дейді. Бұл жүйенің жөнсіздігі», деді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, 8 желтоқсанда Мұрат Әбенов Қазақстанда «қайтарылмайтын билеттерді» жою бастамасын жариялаған болатын. Ал кеше вице-министр Талғат Ластаев бұл қадам әуе билеттерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін айтқан еді.