Қазақстанда жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік туралы барлық дерек енді бірыңғай цифрлық платформа – Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан (ЖМБМК) қолжетімді.

Жүйе сәуір айында енгізіліп, қазаннан бастап толық жұмыс істей бастады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Ержан Қарымсақовтың айтуынша, платформада жердің орналасуы, нақты шекарасы, оған қойылған шектеулер (кепіл, сервитут), меншік тарихы, кадастрлық құны, картадағы белгіленуі және құрылыс нысандары туралы ақпарат бір жерге топтастырылған.

Бұрын бұл мәліметтер әртүрлі ұйымдарда сақталып, азаматтарға бірнеше мекемеге барып анықтама жинауға тура келетін. Қазір барлық қажетті дерек онлайн көрсетіледі, ал ақпаратты алу уақыты бірнеше аптадан бірнеше минутқа дейін қысқарды.

ЖМБМК алаяқтықтың алдын алуға да мүмкіндік береді – сатып алу алдында объектінің заңдылығын тексеруге болады. Электрондық деректерді қолдан жасау қағаз құжаттарға қарағанда әлдеқайда күрделі.

Цифрлық база мемлекеттік органдарға да тиімді: рұқсаттарды жылдам беру, жерді әділ бөлу, қателерді азайту, қалалар мен ауылдардың дамуын жоспарлау жеңілдейді. Құрылыс компаниялары, банктер және нотариустар да жүйеден тікелей ақпарат алып, процестерді жеделдете алады.

Платформа үнемі жаңартылып отыр, жаңа карта қабаттары мен сервистер қосылып, басқа мемлекеттік деректер базаларымен біріктірілуде. Бүгінгі күні бұл қызмет бойынша 199 өтініш қаралған.