Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Туризм және спорт министрлігінің параармрестлингтен әлем чемпионы П-ға ақшалай сыйақы төлеуден бас тартуын заңсыз деп тану және төлем жүргізу міндеттемесі туралы талап бойынша әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Іс материалдарына сәйкес, П. 2021–2024 жылдары Бухарест (Румыния), Анталья (Түркия), Алматы (Қазақстан) және Кишинев (Молдова) қалаларында өткен параармрестлингтен әлем чемпионаттарында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында әлем чемпионы және жүлдегер атанған. 2025 жылғы қаңтарда П. жүлделі орындарға ие болғаны үшін сыйақы төлеу туралы өтінішпен Туризм және спорт министрлігіне жүгінген.
"Министрлік құжаттарды ұсыну мерзімінің өтіп кеткенін негізге алып, төлем жасаудан бас тартқан.Сот құжаттарды 10 жұмыс күні ішінде ұсыну талабы спорт федерацияларына қатысты екенін, ал спортшыларға бұл талап қолданылмайтынын анықтады", делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ П-ның министрлікке жеке өзі жүгінгені және оның өтініші мәні бойынша қаралғаны белгіленді. Сот министрліктің бас тартуын заңсыз деп танып, оның әрекеттері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 13-бабында көзделген сенім құқығын қорғау қағидатына қайшы екенін көрсетті.
Сот шешімімен П-ның әкімшілік талабы қанағаттандырылды. Министрліктің сыйақы төлеуден бас тартуы заңсыз деп танылып, П-ға 2021, 2022, 2023 және 2024 жылдары өткен параармрестлингтен әлем чемпионаттарындағы жүлделі орындары үшін сыйақы төлеу міндеттелді. Төлемдер 2020 жылғы 27 наурыздағы №152 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар сот министрліктен талапкердің пайдасына өкілдік шығындары ретінде 300 000 теңге өндіруді және мемлекеттік бажды бюджет кірісіне өндіріп алуды белгіледі.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кетсек, Абай облысында ер адам алимент төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.