Таразда полиция қызметкерлері Өзбекстан Республикасының 30 жастағы азаматын ұстады. Ол аса ірі көлемде есірткі сатпақ болды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Полиция департаментінің мәліметінше, жеке тінту кезінде ұсталған адамның шалбарының қалтасынан салмағы 2 грамм 11 миллиграмм болатын синтетикалық есірткі заты салынған орама табылған.

Одан әрі шетел азаматының тұрғылықты жеріне жүргізілген тінту кезінде залдағы кереуеттің астынан жалпы салмағы 166,09 грамм есірткі заты бар пакет шыққан.

Есірткілерден бөлек, күдіктіден сату мақсатындағы айғақ заттар – өлшеуіш таразылар және шамамен 1500 дана "зип-пакет" тәркіленді.

Синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы 168,2 граммнан асқан. Бұл аса ірі көлем саналады.

"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

Қазіргі уақытта жеткізу арналары мен басқа да ықтимал сыбайластарын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", — делінген департамент хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз