Қазақстанда балаларға арналған ұйымдарды тексеру тәртібі өзгерді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, елімізде 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді.
Бұл тәртіп уәкілетті органға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және балалардың тамақтануын, жатын орнын қамтамасыз ету, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды қызметі басталар алдында және оны көрсету барысында кенеттен тексеруге құқық береді. Бұл бақылау шараларын жедел жүргізуге және ықтимал бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға жағдай жасайды.
Мемлекеттік бақылау "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңымен реттеледі. Ол бақылаудың арнайы тәртібін бекітіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.
"Кенеттен тексерулерді енгізу балалардың қорғалуын, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Енді уәкілетті орган нақты бұзушылықтар туралы сигнал түскен жағдайда өз шешімімен тексеру тағайындап, нысанға дереу шыға алады. Сигнал түскен кезде нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі", — деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз