Қазақстан мен Иран президенттерінің келіссөзі барысында Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келгені белгілі болды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қазақстан мен Иран президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Келіссөз барысында екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселесін де қозғады.

"Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қадам қос халықтың тарихи байланысының терең екенін дәлелдей түседі", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар екі елдің рухани құндылықтарын кеңінен таныстыру үшін алдағы жылдары Мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз