Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 20-шы сессиясында қобыз бен киіз үй ресми түрде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы ретінде танылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева Telegram-дағы арнасында хабарлады.
"Бүгін біз үшін маңызды және шынымен де тарихи күн. Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 20-шы сессиясында Қарақалпақстанның екі ерекше мәдени қазынасы – қобыз бен киіз үй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне ресми түрде енгізілгенін мақтанышпен хабарлаймын.
Олардың халықаралық деңгейде мойындалуы салт-дәстүріміздің тереңдігін, рухани мұрамыздың беріктігін және ұрпақтар жалғастығын растайды", — делінген жазбада.
Сондай-ақ ол мұраны сақтауға және насихаттауға атсалысқан барша қолөнершіге, зерттеушілерге, дәстүр ұстанушылары мен жанашырларына алғысын білдірді.
"Бұл біздің мәдениетіміздің жеңісі. Біз өзімізді бірегей ететін нәрсені мұқият сақтай отырып, алға жылжи береміз", — деді Мирзиёева.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз