Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.


Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-иран қарым-қатынасын нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан президент Масуд Пезешкианға алғыс айтты.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы алыс-берістің қарқыны жоғары екенін, бүгінгі іс-шара экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты бекемдей түсетінін жеткізді.

"Былтыр сауда-саттығымыз 340 миллион доллардан асқан болатын. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деген болжам бар. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтып, ең алдымен, 1 миллиард долларға, содан кейін екінші кезеңде 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Осы орайда, Тегеран қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу жөніндегі бастаманың маңызы зор. Бұл бастама отандық өнімдерді Иран нарығына жүйелі түрде жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Инвестиция саласындағы байланысымыз күшейіп келеді. Соңғы 20 жылда Иран Ислам Республикасы Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі басқосу осындай кәсіпорындардың қатарын көбейтуге септігін тигізеді деп сенеміз", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық ықпалдастықты нығайту жолында Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс.

Елімізде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Арнайы Инвестициялық штаб құрылды.

"Бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық платформа қолданысқа енгізіліп жатыр. Қазақстан Иранмен бірлесіп, түрлі жобалар әзірлеуге дайын.

Мемлекет басшысы екі елдің ықпалдастығын дамытуға тың серпін беретін салаларға тоқталды. Соның ішінде көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты нығайту өте өзекті.

"Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логистика хабының бірі. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Қазақстан транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға баса мән береді. Сондықтан біз Иранды аса маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Осы ретте, порт терминалдарын дамыту, логистиканы жетілдіру және транзиттік жүк көлемін ұлғайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қазірдің өзінде ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, еліміз Шахид Раджаи портында көлік-логистика терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан Қазақстан тауарларын әлем нарықтарына тікелей жеткізуге жол ашады. Біз Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірәбад, Анзали порттарымен байланыстыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Чабахар порттарымен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Қазақстан үшін Орталық Азияны Парсы шығанағымен жалғайтын мультимодальді дәліздерді дамыту маңызды. Осы ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдар арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін. Ал мұның экономикалық әсері зор болатыны анық. Аймақтағы сауда-саттықтың жандануы жаңа индустриялық жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сервистік орталықтар мен өндіріс алаңдарын ашуға жағдай жасайды", — деді президент.