Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Жаңаөмір ауылында су жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржысына салынды. Енді ауыл тұрғындары жаңа кешенде қысы-жазы спортпен тұрақты шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізе алады.
Бес мыңдай тұрғыны бар Жаңаөмір ауылында бұрын спорт нысаны болмаған. Балалар негізінен мектептің залында ойнайтын. Енді ауыл орталығындағы су жаңа кешенде футбол, волейболмен қатар үстел теннисі, күрес түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Кешен замануи стандарттарға сай салынған. Құрылысқа қажетті қаржыны «Самұрық-Қазына Траст» қоры бөлді.
Алфия Әдиева, «Sамruk-Kazyna Trust» корпоративті қорының бас директоры:
- «Самұрық-Қазына Траст» қорының және қамқоршылық кеңесінің шешімімен су тасқыны болған өңірлерде спорт кешенін салу шешілген болатын. Міне, енді ашылу рәсіміне келдік. Ауыл-аймаққа, тұрғындарға құтты болсын айтамыз!
Аумағы мың жарым шаршы метрді алып жатқан екі қабатты ғимаратта ауыл балалары енді алаңсыз спортпен айналыса алады. Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі осының бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Осы дене шынықтыру кешенін салуға 1 млрд 200 млн қаржыға салынды. Аз қаржы емес бір ғана ауылға. Алайда ол қаржының артында ел, халық, біздің балаларымыз тұр. Осы балаларымыз – елдің болашағы, бос уақытында телефонда отырмай, осы жерде спортпен айналысуына мемлекет мүмкіндік жасап беріп жатыр.
Соңғы үш жылда Орал өңірінде 13 спорт нысаны пайдалануға берілген. Биыл сегіз спорт нысанының құрылысы басталса, оның алтауы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов