Бұл тізімді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған.
Enbek.kz жұмыс биржасының мәліметтері бойынша жарияланған деректерде ұшқыштардың ең көп жалақы алатыны жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қараша айында ең жоғары жалақы деңгейлері бас құрылысшыларға (640 мың теңгеден бастап), өндірістік учаске бастықтарына (595 мың теңгеден бастап) және авиациялық диспетчерлерге (568 мың теңгеден жоғары) ұсынылды.
Ал ең жоғары жалақы күту деңгейі пилоттарда (орташа 1,9 млн теңге), коммерциялық ұйымдардағы IT-бөлім басшыларында және бас геологтарда (шамамен 1,2 млн теңге) байқалды, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратта.
Қарашадағы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі де белгілі болды. Олар:
– Медбике/мейіргер – 1900 бос орын;
– Санитар қызметкері – 1800;
– Тәрбиеші – 1500;
– Жүргізуші – 1500.
Өткен айда Enbek.kz сайтында 101 100 жұмыс орны туралы хабарландыру жарияланған, бұл қазан айымен салыстырғанда 23%-ға аз. Оның 73%-ы білікті мамандарға арналып отыр.
Жұмыс іздеушілер 101 300 түйіндеме жариялаған. Бұл сан алдыңғы аймен салыстырғанда 11%-ға төмен. Еңбек министрлігі белсенділіктің төмендеуін маусымдық фактормен байланыстырады.
– Өңірлік тұрғыдан алғанда, қараша айында Жетісу облысынан басқа (+11%, 2,7 мыңға дейін) барлық өңірде вакансиялардың азаюы байқалды. Ең көп қысқару Батыс Қазақстан (-4,7 мың, 3,7 мыңға дейін), Жамбыл (-3,8 мың, 5 мыңға дейін) және Атырау (-2,5 мың, 4 мыңға дейін) облыстарында, тиісінше 124%, 75% және 61%-ға дейін тіркелді, – деп жазады ведомствоның ресми сайты.