Таразда кейінгі үш жылда 474 көшеге асфальт төселді. Шаһарда тұратын 42 мыңнан аса тұрғын таза ауызсуға қол жеткізді. Пәтер кезегін шешу үшін 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Бұл жайында бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты. Жиында 10 айда атқарылған жұмыстар сараланып, қала әкімі журналистер сауалына жауап берді.

Биыл Таразда 61 шақырымдық 108 көше асфальтталды. Сонымен қоса 100-ге жуық көшеге қиыршық тас төселді. Сан жыл жол сұраған «Бұрыл» мен «Барысхан» тұрғындарының да мәселесі шешемін тапты. Қос алқаптағы 99 көшеге асфальт жабындысы төселді. Ауызсу мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Жыл соңын дейін «Шалғай Қарасу» мен «Родничок», «Қайнар», «Мичуринец» және «Ақжол» тұрғын алқаптарындағы 14 мыңнан аса тұрғын таза ауызсуға қосылады.

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

- 42 мың тұрғыны бар Қызылабад, Жиделі, Тектұрмас, Қарасай, Шөлдала Құмшағал, Казарма, оның ішінде 28 саяжай, Көлтоған тұрғын алабы бар. 42 мың тұрғыны бар елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жобасы іске асырылды. Бұл мақсаттарға 6,2 млрд теңге қаражат жұмсадық.

Шаһарда үш шағын ауданның құрылысы жүріп жатыр. Онда бюджет есебінен 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы биыл 24 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Шаһарда 540 көпқабатты үй жөндеуді қажет етіп тұр. Олардың 73-ін күрделі жөндеу үшін 7,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Басқосуда қаланың басты мәселесі кәріз жүйесі жайында да сұрақ қойылды.

Нұрлан Асқар, «Atameken Business» телеарнасының меншікті тілшісі:

- 2023 жылы сіз 2025 жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары басталады деп, жер де дайын инвестор да дайын деп мәлімдеген едіңіз. Қазіргі есебіңізге қарасақ, мегажоба тағы бір жылға кейінге қалған сияқты?

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

- Кәріз кешенінің құрылысын ұлттық жобалар тізіміне енгізу шешімі қабылданды. Бәйтерек арқылы құнды қағаздарды шығару арқылы теңгемен қаржыландыру қажет деген шешім қабылданды. Сондықтан 2025 жылы бұл жоба тоқтады.

Биыл облыс орталығындағы бес мектепке күрделі, ал 24-іне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, қала мектептеріндегі орын тапшылығы мен апатты мектептер мәселелері жойылды.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә