Алматыда 52 адамның улану оқиғасының мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жігіттің досы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
Зардап шеккен азаматтың досы Руслан оқыс оқиға оңтүстік-кореялық фильмнің түсірілімі кезінде жазық далада орын алғанын жеткізді. Түсірілімді ұйымдастырушылар актёрлерді түнгі үште алып кеткен. Русланның айтуынша, ол кезде далада -20 градус аяз болған.
"Көпшілік көрініскке түсетін адамдарға қандай фильмнің түсірілімі екені айтылмайды. Оның барлығы құпия ретінде сақталады. Бастапқыда барлығы жылы палаткаларда күтіп отырған. Оларға түсірілім жылы пойыздың ішінде өтетінін айтып, уәде еткен. Алайда бәрін даярлап қойғанда, кореялық түсірілім тобы жылы вагонға кіріп алып, қалғандарын мұздай вагондарға жіберді.
Ол жерде өте қатты суық болған. Балалар көп болды, бәрі бір шеңберде отырды. Бір бала қатты жаурап, есінен танып қалды. Оның үсітне қалың киімдерді жауып қойды. Бәрі тонып отырғанда оңтүстік-кореялық топ жылы вагонда болды", — деді Руслан.
Оның сөзінше, досы қалың киініп алғанымен қатты жаурап қалған. Адамдар жылынып алуға рұқсат сұрағанда, ұйымдастырушылар келіспей қойған. Олар бәрін қайта жинау қиын болатынын айтқан. Салдарынан түсірілімге қатысушылар таңғы алтыға дейін тонып отырған.
"Түсірілімнен кейін оларды басқа вагонға ауыстырған. Алайда ол да мұздай болған. Ұйымдастырушылар алдын ала ұялы телефондарын алып алған. Адамдар ешкімге хабарласа алмайғ жазық далада ккетіп қала алмаған. Көпшілік наразылық таныта бастағанда ғана газ жылытқышын алып келген.
Жаурап қалған көпшілік бірден жылытқыштың қасына жақындады. Тонып қалған балаларды жақын отырғызды. Бір уақытта балалардың бірі айғайлап жіберіп, есінен танып қалды. Одан кейін басқа балалар да есінен тана бастады. Түсірілім алаңында дәрігер болмады. Ол жарты сағаттық жерде орналасқан Алматы-2 теміржол вокзалында күтіп тұрды", — деді зардап шеккен жігіттің досы.
Русланның айтуынша, вагонда газ жинала бастаған. Балалардан кейін әйелдер де естерінен тана бастаған. Сол кезде ғана ұйымдастырушылар бәрін жылы вагонға орналастырып, қалаға қарай қайтарған. Вокзалда оларды полиция мен жедел жәрдем күтіп алды.
Русланның досы қалаға келгенде ғана есінен танған. Қазір ол денсаулығына байланысты оқиғаны өзі айтып бере алмайды. Алайда зардап шеккен жігіт бұл сұмдық жағдайды көпшілік білгенін қалайды.
KAZ.NUR.KZ редакциясы Русланның айтуынша түсірілімді ұйымдастырған компания өкілдерімен тілдеспек болды. Бірақ олар оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз