Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Абайға құрмет» республикалық акциясын өткізу бойынша кеңес өткізді. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылды әрі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайлас­тырылды.


Акция аясында еліміздің бар­лық өңірлері мен респуб­ликалық маңызы бар қалалар Абай облысына бір-бір әлеуметтік немесе мәдени нысан сыйға тартады. Кеңесте Семей қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу, арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құру мәселелері талқыланды. АЭА құрамына 1 200 гектар алаңды қамтитын жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, заманауи тұрғын үй ке­шендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысан кіретін болады.

Семей қаласында жаңа инже­нерлік инфрақұрылым, қазандық, жылу, электр, су құбыры мен су бұру желілерін салу міндеттері қаралды. Бүгінде Абай облысының әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. «Абайға құрмет» акциясын алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысының тұрғындары қолдап, Достық үйінің құрылысын бастап кетті.

Түркістан облысы – көрме орталығын, Қызылорда облысы – «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы – «Абай әлемі» орталығын салады. Шымкент – Шығармашылық орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы – Мемлекеттік рәміздер алаңын, Шығыс Қазақстан облысы – Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Ақтөбе облысы – Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы – Үстел теннисі орталығын тұрғызады. Астана «Келешек» мектебін сыйға тартса, Алматы – медиаорталық, Қарағанды облысы – ботаникалық бақ, Батыс Қазақстан облысы – желілік саябақ, Қостанай облысы – Руханият орталығын салады.

Қанат Бозымбаев қалған өңір­лерге жобаларды айқындау мен жүзеге асыру жұмыстарын жедел­детуді тапсырды. «Үйлес­тірілген жұмыстың нәтижесінде барлық жобаны бірыңғай архитектуралық стильде сәтті аяқтап, Абай атына ла­йықты әрі өңірдің болашағы үшін маңызды инфрақұрылым құра­тынымызға сенімдімін», деді ол.

Жүктелген міндеттерді тиім­ді әрі уақтылы жүзеге асыру үшін Пре­мьер-министрдің орынбаса­ры Өнеркәсіп және құрылыс, Қар­жы, Ұлттық экономика министр­лік­теріне және өңірлердің әкімдеріне бірқатар тап­сырма берді.