Мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға қатысып, Таяу Шығыстағы ахуалға тоқталды.


Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отырғанын айтты.

– Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Өйткені осы арқылы аталған аймақта және одан тысқары жерлерде сан қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.