Еуропада Ресейдің мұздатылған активтерінің тағдыры шешілуде.
Қандай активтер мұздатылды? Олар қайда орналасқан?
Ресейдің орталық банкы, сондай-ақ көптеген сарапшылар Батыстың Ресейдің бірнеше елдегі қолма-қол ақша, облигациялар және акцияларды қоса алғанда, 300 миллиард доллардан 350 миллиард долларға дейінгі активтерді мұздатқанын бағамдайды.
Басқа орталық банктер сияқты, Ресей де алтын және валюта резервтерінің бір бөлігін негізгі валюталарға, алтынға және мемлекеттік облигацияларға инвестициялайды.
Бұл активтерді мұздатылған жеке байлықпен шатастырмау керек; Батыс санкциялаған көптеген ресейлік жеке тұлғалар мен компаниялардың жеке меншігі, мысалы, жылжымайтын мүлік немесе яхталар да мұздатылды.
ЕО бұғаттаған Ресей мемлекеттік активтерінің шамамен 185 миллиард еуросы (215 миллиард доллар) Брюссельдегі орталық бағалы қағаздарды сақтаушы Еуропалық клиринг және есеп айырысу банкінде (Euroclear) сақталған, бұл шамамен 210 миллиард еуроның (244 миллиард доллар) көп бөлігін құрайды. Себебі Ресейдің валюта резервтерінің айтарлықтай бөлігі санкцияларға дейін сол жерде сақталған.
Бұл активтердің көпшілігі 2022 жылдан бері өтеліп, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Ресейдің Орталық банкы мұздатылған активтердің егжей-тегжейлі сипаттамасын берген жоқ.
ЕО ұсынысы қандай? Бельгия оны неге қабылдамады?
Еурокомиссияның президенті Урсула фондер Ляйен 3 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында Германия канцлері Фридрих Мерц бастаған ЕО ұсынысы бойынша Бельгияда сақталған 140 миллиард еуро (162 миллиард доллар) ресейдің мемлекеттік активтерін «өтемақы несиелеріне» айналдыру жоспарлануда деп мәлімдеді.
Ол бұл қаражатты тәркілеу емес, керісінше Украинаға берілген несие екенін, ол тек Ресей соғыс шығындарын төлеген кезде ғана қайтарылатынын атап өтті.
ЕО елдері Украинаның қорғанысын қолдау үшін мұздатылған активтерден (шамамен 210 миллиард еуро) пайыздарды пайдалана бастады.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға 2026 және 2027 жылдары 135 миллиард еуро (157 миллиард доллар) қажет болады деп есептейді.
ЕО көшбасшылары 18 желтоқсанда Брюссель саммитінде несие жоспары бойынша дауыс береді деп күтілуде.
ЕО елдерінің көпшілігі бұл ұсынысты қолдайды, бірақ Бельгия оған мүлде қарсы, себебі ол ЕО-да мұздатылған Ресей активтерінің ең үлкен үлесіне ие.
Бельгия үкіметі Ресейдің халықаралық сотқа арыздануынан қорқады. әрі бұл қадам қысқа мерзімді бейбітшілік перспективаларына қауіп төндіреді деп ескертеді.
Бельгияның сыртқы істер министрі Максим Прево: «Біз балама нұсқа дайындауды, ЕО-қа нарықтан қарыз алуды жалғастырамыз», — деді.
Еурокомиссия нақты шешім ұсынады деп күтілуде, бірақ Прево жобаны «көңілден шықпайды» деп атады.
Ол бұл тәуекел «Бельгияның банкроттығына әкелуі мүмкін» екенін айтты.
«Егер Ресей сотқа берсе, біз сөзсіз ұтылып, 200 миллиард еуроны (236 миллиард доллар) қайтара алмаймыз, бұл бір жылдық федералды бюджетке тең, яғни Бельгия банкротқа ұшырайды».
Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевер де Урсула фондер Лейенге хат жазып, жоспарды «түбегейлі қате» деп сынға алды.
Еуропалық клирингтік банк (ЕОБ) не дейді?
ЕОБ бас директоры Валери Урбейн де осындай пікірде.
Де Вевер несие бойынша төлемдер немесе Ресей санкциялары алынып тасталған жағдайда тәуекелдерді бөлісуді қамтамасыз ету үшін басқа ЕО елдерінен заңды түрде міндеттейтін кепілдіктер алуға шақырды.
Дегенмен, бұл өте қиын деп саналады, себебі Еуропалық Орталық банк мұндай бағдарламалар үшін соңғы шара ретінде әрекет ете алмайтынын мәлімдеді.
Германия канцлері Мерц мұздатылған активтерді пайдалану жақсы нұсқа деп санайды.
Ол бұл қажеттілікті «барған сайын шұғыл» деп сипаттады және бұл мәселе бойынша көшбасшыларды бірлікке шақырды.
«Украинаға біздің қолдауымыз қажет, ал Ресейдің шабуылдары күшейіп келеді. Қыс келе жатыр... Осыған байланысты біз ЕО ішінде консенсусқа қол жеткізе аламыз деп үміттенемін», — деді.
Бельгиядағы KU Leuven университетінің қаржы құқығы профессоры Вирле Колаэртт BBC-ге Бельгияның алаңдаушылығы орынды деп санайтынын айтты.
Оның пікірінше «Еуропалық клирингтік банктің Ресей Орталық банкіне сұраныс бойынша қаражатты қайтару туралы келісімшарттық міндеттемесі бар, ол қазіргі уақытта тек санкцияларға байланысты орындалмайды».
Ресейдің реакциясы?
Ресей бұл ұсынысты қатты айыптады.
Ресейдің Аға банкиры жоспар жүзеге асса, ЕО 50 жылдық сот ісіне тап болатынын айтып қорқытты.
Ресейдің мемлекеттік ВТБ банкінің төрағасы Андрей Костин мұздатылған ресейлік қаражатты Украинаға аудару қолайсыз екенін мәлімдеді.
«Ақшамызды тәркілеуге келетін болсақ, біз ақырында онсыз өмір сүре аламыз», — деді ол, «бірақ мәселе бұл ақша бейбітшілік үшін емес, соғыс үшін пайдаланылуы мүмкін».
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова әлемдік қаржы жүйесі Ресей активтерін тәркілеу немесе беру үшін кез келген шара қолданылса, «салдарын сезінетінін» ескертті.
Ресейдің мемлекеттік БАҚ-ы РИА Ресейге батыстың 285 миллиард долларлық тікелей шетелдік инвестициялары кек алу нысанасына айналуы мүмкін екенін хабарлады.