"Ветеринария" бағыты бойынша мамандарды 11 ЖОО дайындайды.
Республикалық бюджет комиссиясы ветеринар мамандардың жалақысын көтеру үшін 22 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қолдады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Бүгінгі таңда "Ветеринария" бағыты бойынша кадрлар даярлауды 11 жоғары оқу орны жүзеге асырады, оның ішінде 3-і Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде, олар 2025 жылға бөлінген 1001 (77,5%) грант алды. Бұл ретте, өту балы жалпы конкурс бойынша – 62 балл, ауылдық квота бойынша 56 балды құрады", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Құзырлы мемлекеттік органдар бірқатар міндеттерді шешу бойынша жұмыс тобын құрған.
"Ветеринария" бағыты бойынша студенттерге стипендияны педагогикалық бағыттағы студенттер деңгейіне дейін ұлғайту және ветеринария мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу балдарының шегін біртіндеп арттыру; ауылдық квотаны 30%-дан 70%-ға дейін арттыру; ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жіберетін нысаналы гранттардың үлесін ұлғайту. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты орналастыруды тиісті материалдық базасы, заманауи жабдықтары және ғылыми-педагогикалық кадрлары бар жоғары оқу орындарында ғана жүзеге асыру; 1 жыл оқу мерзімімен 3 жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде бейінді магистратура арқылы ветеринариялық кадрларды қайта даярлауды көздеу", – деп атап өтті Аманғали Бердалин.
Оның айтуынша, республикалық бюджет комиссиясы ветеринариялық мамандардың жалақысын көтеру үшін 22,0 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қолдады.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде жануарлардың 23 ауруына қарсы вакциналау жүргізілетінін жазғанбыз.