Бұған дейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек халық қалаулысы Талғат Ерғалиев айтқан деректердің дұрыстығына сенбеген еді.


Астана қаласының Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еске салайық, Астана қаласы мәслихатының отырысында елордадағы қылмыс деңгейіне қатысты бірқатар сұмдық дерек айтылған еді.

Полиция келтірілген деректер шындыққа жанаспайтынын және қылмыстық статистиканың ресми мәліметтеріне сәйкес келмейтіндігін хабарлап отыр.

– Соңғы жылдары Астана қаласында жыл сайын 17 мыңнан аспайтын қылмыс тіркеледі. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 1 887-ге төмендеген. Бұл – заңда белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын ресми деректермен расталған ақпарат. Аталған отырыс барысында депутат жариялаған жекелеген қылмыс түрлеріне қатысты статистикалық мәліметтер де шындыққа жанаспайды. Мәлімдемелер ресми дереккөздермен расталмаған және қаладағы нақты криминогендік ахуалды бұрмалап көрсеткен, – деп жазды Астана қаласының Полиция департаменті ресми парақшасында.

Департамент жалған ақпарат тарату, оның ішінде қоғамдық мәртебесі мен қызметтік өкілеттігі бар адамдар тарапынан болуы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатындығын атап өтті.

– Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары мәлімдеме жасаған адам сілтеме жасаған ұйымнан ақпарат сұратты. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады, – делінген хабарламада.

Полиция департаменті мемлекеттік органдардың өкілдерінен, ресми дереккөздерге сүйене отырып, ақпарат таратуын және заң талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.