Ауа райының қолайсыздығына байланысты Павлодар және Қарағанды облысындағы бірнеше автожолда көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.


2025 жылғы 12 желтоқсанда кешкі уақытта Павлодар облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді, — делінген хабарламада.

Сағат 20:20-да қабылданған шешімге сәйкес, мына учаскелер уақытша жабылды:

  • «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 200–308 шақырымы (Ақмола облысының шекарасы – Екібастұз қаласы);
  • «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 1135–1206 шақырымы (Қарағанды облысының шекарасы – Шідерті ауылы).

Павлодар облысындағы қолайсыз ауа райы Қарағанды облысының да жол қозғалысына әсер етті. Сағат 20:30-да осы жағдайға байланысты республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының Қарағанды облысы аумағындағы 1067–1135 шақырым аралығы
(Молодежный ауылы – Павлодар облысының шекарасы) жабылғаны хабарланды.

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 159–200 шақырымы аралығында (Ерейментау қаласы — Павлодар облысының шекарасы) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады.

Құзырлы органдардың мәліметінше, барлық аталған учаскелерді 2025 жылғы 13 желтоқсан сағат 06:00-де ашу жоспарланып отыр.

Жүргізушілерге алыс сапарды кейінге қалдырып, ауа райы мен жол жағдайына қатысты ресми ақпараттарды бақылап отыру ұсынылады.