Қысқы трансфер уақыты басталғанда бірқатар жас таланттарымыз еуропалық клубтардың қатарына қосылуы мүмкін.


Алматылық "Қайрат" бүгінде тек ішкі біріншілікте ғана емес, халықаралық трансферлік нарықта да өз орнын айқындай бастады. Клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин "Чемпионатқа" берген сұхбатында Азия футболшыларына жетекші еуропалық клубтардың қызығушылығы күшейгенін атап өтті.

Бапкердің айтуынша, Азия нарығы енді скауттардың назарындағы қосалқы аймақ емес. Өзбекстандық Хусановтың "Манчестер Ситиге" ауысуы мен "Қайрат" тәрбиеленушісі Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" жол тартуы – соның айқын дәлелі. Лондондық клубтың бас скауты Алматыға арнайы келіп, алдағы уақытта топ-клубтар Азия таланттарына жүйелі түрде көз тігетінін ашық жеткізген.

Мұндағы басты ерекшелік – ұзақ мерзімді көзқарас. Еуропаның алпауыттары жас футболшыларды бір маусымдық нәтиже үшін емес, бірнеше жылға жоспарланған жоба ретінде қарастырады. Бұл Қазақстан мен бүкіл өңірдегі жас ойыншылар үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктердің есігін ашады.

"Енді біздің нарыққа белсенді түрде назар аударады. Өзбекстанда Хусановты “Манчестер Ситиге” сатты, ал біздің Дастан Сәтпаев жақын уақытта “Челсиге” аттанады. Олардың бас скауты келіп, қазір топ-клубтар Азия нарығына белсендірек қарай бастайтынын айтты. Бұл жас футболшыларымыз үшін қосымша мүмкіндік. Сонымен қатар, олар ойыншыларды ұзақ мерзімге жоспарлап, бірнеше жыл бойы бақылауда ұстайтынын да жеткізді", — деді Уразбахтин.

Естеріңізге сала кетейік, "Қайрат" пен "Челси" арасындағы келісім биылғы жылдың ақпан айында ресми түрде бекітілді. Қазір 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев 2026 жылдың жазында кәмелет жасына толған соң ағылшын клубының қатарына қосылады. Лондондықтар оны шабуыл шебіндегі жаңа буынның бір бөлшегі бола алатын, болашағы зор, ұзақ мерзімді жоба ретінде бағалап отыр.