Оралдағы «Жұлдыз» шағынауданы мектепке зәру. Тұрғындар саны үш мыңнан асатын бұл аумақта әлі күнге дейін білім ұясы жоқ. Сондықтан балалар көршілес шағын аудандарға қатынауға мәжбүр.
Салдарынан ол жақтағы білім беру нысандары да шектен тыс толып, үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Тұрғындар осы мәселені көтеріп, арнамызға хабарласты.
«Жұлдыз» – қаланың іргесіндегі қарқынды дамып жатқан шағын аудан. Былтыр мұнда су тасқынынан зардап шеккендер үшін 200-ге жуық баспана салынған. Қалаға жақын орналасқандықтан осында көшіп келушілер де көп. Қазір үш мыңнан аса адам тұрады. Алайда әлі күнге мектеп жоқ. Тұрғындар осы мәселені 10 жыл бойы көтеріп келеді.
Ақтоты Үмітаева, қала тұрғыны:
- Биыл осы 2025 жылы бастаймыз деп, «смета дайын емес» деп күттіріп қойды. Күзге дейін деген соң тағы күттік. Енді күз бітті, желтоқсан айының аяғы болды. Мектептің сметасы, құжаты жоқ. Әлі дайын емес деп бізді ысырып тастап тұр ғой. Бізге мектеп керек, балаларымыздың саны өте көп.
Ықшам ауданның мыңға жуық баласы «Ескі әуежай» ауданындағы №37 мектепте оқиды. Қазір онда үш мың оқушы білім алады.
Асыл Сапарова, қала тұрғыны:
- Балаларымызға барып келу өте қиын. Жазда ештеңе емес барады ғой. Қазір қыста өте қиын, салқын. Көлігіміз жоқ шауып апарып тастайтын, сондықтан бізге мектеп керек. Мектеп сұраймыз.