Британиялық хабар тарату корпорациясы әзірге ресми пікір білдірген жоқ.


АҚШ президенті Дональд Трамп BBC корпорациясын жала жапты деп сотқа берді. Ол 5 миллиард доллар өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Ақ үй басшысының айтуынша, "Панорама" бағдарламасының деректі фильміндегі 2021 жылғы 6 қаңтарда сөйлеген сөздері бұрмаланып монтаждалған. Трамптың адвокаттары 15 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатындағы сотқа берген талап-арызда BBC-ді коммерциялық заңдарды бұзды, сондай-ақ президенттің сөзін қасақана өңдеді деп айыптады. Британиялық хабар тарату корпорациясының басшылығы әзірге сотқа талап-арыздың берілуіне байланысты ресми пікір білдірген жоқ.

Қараша айында BBC Трамптан монтаж үшін кешірім сұрағанымен, оның өтемақы төлеу туралы талабын қабылдаған жоқ. Корпорация өз әрекетінде жала жабу белгілері жоқ екенін хабарлады.

Трамптың БАҚ-ты сотқа беретіні қараша айының басында белгілі болған.

"Меніңше, мұны істеуім керек. Олар алдап соқты. Менің айтқан сөздерімді бұрмалады", – деді Трамп.

Кейін Ақ үй басшысы BBC-ге сотқа беремін деген ескерту хатын жолдаған.

Былтыр эфирге шыққан "Trump: A Second Chance?" бағдарламасында АҚШ президентінің сөзі үзінділерден біріктіріліп берілген.

"Біз Капитолийге барамыз. Мен де сендермен бірге барамын. Біз күресеміз. Бар күшімізбен күресеміз", – делінген бағдарламада.