Елімізде мерекелік кезеңде жолаушылар сұранысының артуын қамтамасыз ету мақсатында қосымша рейстер ашылады, деп хабарлайды Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуекомпанияларының, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары әуежайлары басшылығының қатысуымен кеңес өткен.

Кеңес барысында мерекелік күндері әуежайлар мен әуекомпанияларының жұмыс режимін күшейту мәселелері қаралған.

Мерекелік кезеңде жолаушылар сұранысының артуын қамтамасыз ету мақсатында келесі бағыттар бойынша қосымша 100 рейс ұйымдастыру жоспарланып отыр: Астана – Алматы, Алматы – Орал, Алматы – Семей, Астана – Түркістан, Астана – Ақтөбе, Алматы – Ақтау, Алматы – Ақтөбе және Астана – Шымкент.

Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторларына мерекелік күндері мониторингтік топтар құрып, жолаушылардың құқықтарын қорғау және рейстердің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Астана және Алматы қалаларындағы ірі әуежайларда болу тапсырылған.

Әуекомпаниялары мен әуежайларға:

  • үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін әуе кемелерінің резервін және қосымша жерүсті техникасын қарастыру;
  • персонал құрамын тәжірибелі мамандармен күшейтіп, рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға қызмет көрсету аясында ыстық тамақ пен сусындардың берілуін қамтамасыз ету;
  • рейстердің кешігуі жағдайында жолаушыларды ресми сайттар, әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар, әуежайлардағы ақпараттық таблолар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел хабардар ету тапсырылған.

"Жолаушыларға рейстердің мәртебесі мен ұшу уақытын әуе компаниялары мен әуежайлардың анықтама қызметтері, сондай-ақ ресми сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы алдын ала нақтылау ұсынылады.

Әуекомпаниялары мен әуежайлар қабылдап жатқан барлық шара, ең алдымен, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты объективті себептермен туындайтын рейстердің кешігуіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз