Әуе кемесі Air Astana компаниясына тиесілі.


2025 жылғы 17 желтоқсанда сағат 07:38-де (Астана уақыты бойынша) Алматы – Астана бағыты бойынша КС-851 тұрақты жолаушылар рейсін орындау барысында "Эйр Астана" АҚ-ның пайдалануындағы Airbus A321N EI-KDG әуе кемесімен авиациялық оқиға орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазаэронавигация" РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әуе кемесінің салонында түтін пайда болуына байланысты экипаж MAY-DAY апаттық сигналын жариялаған.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.

"Қону сағат 07:40-та жүзеге асырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әуежайының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта аталған авиациялық оқиғаның мән-жайларын Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері нақтылап жатыр", – делінген шұғыл хабарламада.