Енді жаңа Тальго вагондары сатып алынбайды, ал қолданыстағылары қызмет мерзімі аяқталғанша ғана пайдаланылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов мәлімдеді , деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде Тальго типіндегі 732 вагон 14 бағытта жолаушы тасымалын қамтамасыз етіп отыр. Алайда 2023 жылдан бастап бұл вагондарды Қазақстанда шығару тоқтатылған.

«Тальго вагондарын шығаратын зауыт сатылып кетті. Қазір оның орнында швейцариялық Stadler компаниясының вагондары өндіріліп жатыр. Сондықтан жаңасын сатып алу жоспарда жоқ. Қолданыстағы вагондар пайдалану мерзімі аяқталған соң шығарылымнан алынады», деді Тайжанов.

Комитет басшысы бұдан былай басымдық отандық өндірушілерге берілетінін айтты. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі зауыт жұмыс істейді: ЗИКСТО (ЗИГ-100) және Stadler Kazakhstan. Бұл кәсіпорындар ішкі нарықты жаңа теміржол құрамдарымен қамтамасыз ете бастады.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті