Оған ішкі факторлар себеп болды.
Жыл басынан бері теңге бағамы бір доллар үшін 2,4%-ға нығайды. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жыл басынан бері теңге бағамы бір АҚШ доллар үшін 512,57 теңгеге дейін, яғни 2,4%-ке нығайды. Оған ішкі факторлар себеп болды. Айырбас бағамының серпіні дезинфляциялық саясаттың жүргізілуімен байланысты. Бұл теңгедегі активтерге деген қызығушылықты шетел инвесторлары арасында арттырды. Бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған портфельдік инвестициялары он бір айда шамамен 750 млрд теңгеге, ал қарашада 340 млрд теңгеге ұлғайды", – деді Тимур Сүлейменов.
Валюта нарығына Ұлттық Банктің шетел валютасын сату операциялары да ықпал етті.
"Қаңтар-қарашада бюджеттік трансферттерді жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық қордан 7,8 млрд доллар, ал алтын сатып алуды теңестіру операциялары аясында 6,1 млрд доллар сатылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде валюта нарығында теңгерім сақталды", – деп атап өтті Ұлттық банктің төрағасы.