Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Балқаш атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттырып, ел экономикасын жаңа әрі сапалы деңгейге шығаратынын айтты.


Мемлекет басшысы бүкіл әлем энергетика саласында түбегейлі өзгерістер кезеңінен өтуде екенін атап, атом станциясының құрылысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Балқаш АЭС-інің құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші атом электр станциясы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Бұл ядролық энергетика сияқты маңызды саланың дамуына да жол ашып, еліміздің энергетикалық картасын түбегейлі өзгертеді. Жалпы, дүниежүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістер энергия саласына әсер етеді. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр, ал біз осыған сақадай сай дайын болуымыз керек. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, саланың әлеуетін арттыруды жалғастыра береді, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды:

Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оларды ақылмен, үнемдеп пайдалану – әр азаматтың міндеті. Бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз "Үнемшілдік – ырыстың кілті" деп бекер айтпаған. Біз осы қасиетті ұлттық дәстүрімізді қоғамда жаңа мәдениетке айналдыруымыз керек. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – еліміздің энергетикалық дербестігінің мызғымас кепілі. Әділетті, Таза, Қуатты Қазақстанда өздеріңіз сияқты еңбек адамдары ең жоғары сый-құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.