Жол апатынан "ВАЗ-2104" автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Осы көлікте отырған тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.


БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 16 желтоқсан күні сағат 20.30 шамасында Бәйтерек ауданы Володар ауылынан 2 шақырым жерде болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аудандық маңызы бар Орал-Кирсанов жолының 14-шақырымында 1989 жылғы жүргізуші "KIA K5" автокөлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Содан кейін 1974 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан "ВАЗ-2104" автокөлігімен бетпе-бет соқтығысуға жол берген.

– Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. "KIA K5" автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.