2025 жылғы 17 желтоқсанда Мәжіліс депутаттары Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Қорытындыда заң жобасының медицина қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушілерін қызметтік міндеттерін атқару кезінде физикалық күш қолданудан және қатыгездік әрекеттерден қорғауға бағытталған құқықтық негіздерді жетілдіруге арналғаны айтылған.
"Заң жобасында аталған тұлғаларға қатысты күш қолдану әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін құқықтық нормалар көзделген. Ол үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа бап енгізіліп, қылмыстың ауырлығына қарай жаза түрлері айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін белгіленеді. Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодексте осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу мен анықтау жүргізу ішкі істер органдарының құзыретіне жатқызылған", – делінген құжатта.
Айта кетейік, 2025 жылғы 26 қарашада Мәжіліс депутаттары медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш көрсету мен қатыгездік әрекеттері үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.