Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділов 2025 жылғы 17 желтоқсанда Мәжіліс кулуарында Астанада тұрғын үйдің қаптамасы опырылып, соның салдарынан фельдшердің қаза табуына байланысты іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда екі қылмыстық іс қозғалған. Олар – сапасыз құрылыс фактісі және адамдардың өміріне қауіп төндірген қызметтерді көрсету деректері бойынша.
"Бұл жағдайда фельдшер қаза тапты. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс аясында Әділет министрлігінің сарапшылары бірқатар сот сараптамаларын жүргізіп жатыр, нәтижелерін күтіп отырмыз. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі салалық министрлікпен бірлесіп арнайы тергеу жүргізуде. Біз де жақын күндері тиісті актіні аламыз және міндетті түрде осы қылмыстық іс бойынша ақпарат береміз", – деп толықтырды ол.
Журналистер құтқарушылардың әрекеттеріне тексеру жүргізілген-жүргізілмегенін нақтылады.
"Құтқарушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілген жоқ, себебі олар өздерінің бұйрықтары мен нормативтік-құқықтық актілеріне қатаң сәйкес әрекет етті", – деп жауап берді Санжар Әділов.
Бұған дейін Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғау күшейтілетіндігін жазғанбыз.