Қылмыс жасаған мұғалім қаладағы мектептердің бірінде кәсіподақ ұйымының төрағасы болып жұмыс істеген.
Ол 2024 жылдың қарашасы мен 2025 жылдың наурызы аралығында қызметкерлердің дербес деректеріне қол жеткізіп, олардың атына түрлі микроқаржы ұйымдарынан онлайн-қарыздар рәсімдеген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсету сылтауымен қызметкерлерді алдап, микроқаржы ұйымдарында онлайн бейне-верификациядан өткізген. Мектеп қызметкерлері оған сеніп, кәсіподақ көмегін алу рәсімінен өтіп жатырмыз деп ойлап, айтқанын орындаған. Кейіннен мақұлданған қарыздар күдіктінің банктік шотына аударылған.
Қарызға алынған ақшалай қаражаттың болмашы бөлігі мектеп қызметкерлеріне материалдық көмек ретінде беріліп, қалған соманы өз қалауынша жұмсаған.
Нәтижесінде күдікті келіншек қылмыстық әрекеттерінен микроқаржы ұйымдарына жалпы сомасы 3,6 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Сотта күдікті өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот сотталушының жеке басын, жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, іс бойынша барлық мән-жайларды, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың ішінара өтелуін ескере отырып, күдіктіге 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын, жаза мерзімінің бүкіл кезеңіне пробациялық бақылау белгілеумен, сондай-ақ 5 жыл мерзімге кәсіподақ басқарма төрағасы лауазымдарын атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңының 3-бабы 4-тармағына сәйкес сотталған С.-ның жаза мерзімі бестен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті өтеуге 2 жыл 9 ай 18 күн бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.