Ақмола облысының диқандары көктемгі егіс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, 5,5 млн гектар егістік алқаптың 3,8 млн гектарына дән септі. Бүгінгі күні 117 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 366 шаруа қожалығы егіс науқанын толық аяқтады. Бұл — республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі.

Биыл өңірде 5,5 миллион гектар жерге егін егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48,1 мың гектарға артық. Атап айтқанда, картоп пен көкөніс дақылдарының егістік алқаптары айтарлықтай кеңейтілді.

Астық өсіретін кәсіпорындар егіс жұмыстарын маусым айының басына дейін толық аяқтауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде Атбасар, Сандықтау, Целиноград, Қорғалжын және Біржан сал аудандарында егіс жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Шаруалар жұмысты ұйымшылдықпен және жоғары жауапкершілікпен атқаруда. Бүгінгі таңда 483 ауыл шаруашылығы құрылымы егіс науқанын аяқтады. Қалған алқаптарда егіс жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған уақтылы қолдау, жеңілдетілген несие беру және сапалы тұқыммен қамтамасыз ету егіс науқанын оңтайлы мерзімде аяқтауға септігін тигізіп отыр, – деді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков.

Айта кетейік, көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізуге 3,3 млн гектар алқапта ылғал жабу жұмыстарының орындалуы да оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, 2 млн гектардан астам жерге тұқым себуге дейін өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе жоғары. Егіс науқанына қажетті тұқым мен дизель отыны толық дайындалған. Үкіметтің қолдауы арқасында көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру мүмкін болды. Жеңілдетілген несие алуға 115 млрд теңгеден астам сомаға өтінім түсіп, 778 аграрийге 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Көктемгі дала жұмыстарына 37 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Фермерлер бүгінде 100 мың тонна тыңайтқыш жеткізу бойынша 266 келісімшарт жасасқан. Биыл минералды тыңайтқыштар себілетін алқап көлемі 78 мың гектарға артады.