Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнында түсірілген видео кеңінен тарап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Видеоны жергілікті блогерге белгісіз қыз жібергені айтылады. Блогердің сөзінше, аталған оқиға алаяқтық схемасы секілді. 2 ер адам жігітті пәтерде жасөспірім қарындасымен бірге күштеп ұстап, қомақты ақша талап еткен болуы ықтимал. Ақша беруден бас тартқан соң, олар жігітті аяусыз ұрған, тепкілеген. Видеоны жіберген қыздың бұл жағдайға қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз болып тұр. Ол өзінің қауіпсіздігі үшін блогерге нақты мәлімет бермеген.
Әлеуметтік желіге тараған кадрдан 2 ер адамның жігітті ұрып-соғып, тепкілеп жатқанын байқау қиын емес.
Атырау облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысы бар барлық адам анықталғанын, олардың полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Қылмыстық іс қозғалып, жағдайды анықтау үшін тергеу шаралары жүргізілуде.