Жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді. Нәтижесінде қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, ревматизм сынды созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға ем-дом мен дәрі-дәрмек тегін берілмек. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, жетілдірілген жүйе арқылы халықтың шығыны азайып, сала жаңа деңгейге көтеріледі.
Халқымыздың 82 пайызы медициналық тұрғыда сақтандырылған. 12 миллионнан астам адам мемлекет есебінен қамтылса, төрт жарым миллионы жарнасын өздері төлейді. Осы ретте Аида Балаева жүйеге әлі кірмеген азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру мүмкіндіктерімен танысуға шақырды. Себебі келер жылдан бастап МӘМС өзгереді. Шығыны аз, пайдасы көп жүйеге айналады деген сенім бар. Дәлірек айтсақ, оған созылмалы аурулар қосылып, науқастарға кеңес, дәрі һәм ем-дом тегін болады.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі:
- Мысалы, бір жарым миллион қазақстандық артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр. Жыл сайын осы сырқаттың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт және инфаркт жағдайы тіркеледі. 2026 жылдан бастап мұндай науқастарға көрсетілетін барлық қажетті медициналық қызметтер міндетті медициналық сақтандыру есебінен қамтамасыз етіледі.
Созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққандарға да жағымды жаңалық бар. Денсаулығы дімкәс 25 мың адамның көптен күткен көмегі келді.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі:
- Елімізде 25 мыңнан астам азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен өмір сүрсе, олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау, диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы міндетті медициналық сақтандыру пакеті арқылы сақтандырылған азаматтарға қосымша шығынсыз қолжетімді болады.
Қант диабетіне шалдыққан отандасымыз көп. Бұл диагнозбен 500 мың қазақстандық тіркелген. Дерт қауіпті, тиісінше тұрақты бақылауды талап етеді. Пакеті кеңейген жүйеге бұл ауру да енді. Демек барлық жоспарлы қабылдау, қажетті зерттеу мен дәрі тегін беріледі. Жалғыз шарт – науқас МӘМС арқылы сақтандырылуы керек.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі:
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру туралы заңның жаңа нормасына сәйкес, Д және Е санатындағы төмен табысты адамдар сақтандырылып, диагностика мен емді кедергісіз ала алады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де жүйеге қосылу тәртібі жеңілдеді. Олар айына төрт мың екі жүз елу теңге немесе жылына 51 мың теңге төлей отырып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі барлық қызметтерді, оның ішінде қымбат емді де пайдалана алады.
Міндетті медициналық сақтандыру аясы алдағы уақытта да кеңейе береді. Осыны еске салған Аида Балаева азаматтарды міндетті медициналық сақтандырумен жіті танысып, жүйеге қосылуға шақырды.
Авторы: Бекзат Аманов