Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургия саласындағы сирек әрі жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін оксипитоспондилодез операциясы сәтті жасалды. Күрделі ота жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған науқасқа жүргізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Облыстық аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, науқаста одонтоидты өсінді (С1) мен екінші мойын омыртқасының доғасы (С2) сынған. Жарақаттың ауырлығына байланысты ол алғашқы күні клиникалық өлім жағдайына түскен. Осыған орай науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды.
"С1–С2 деңгейіндегі жарақаттар өмірге аса қауіпті. Бұл аймақта ми бағанасы орналасқан. Ол тыныс алу, жүрек соғысы, қозғалыс пен сезімталдықты басқарады. Омыртқаның осы бөлігіндегі кез келген қозғалыс жұлынның зақымдалуына және ауыр салдарға әкелуі мүмкін", — дейді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Молдабекұлы Мырзабеков.
Ота барысында С1 және С2 омыртқалары зақымдалғандықтан, бекіту желке сүйегі мен оның астындағы сау мойын омыртқалары арқылы жүргізілді. Бүйірлік массалардың шағын болуы стандартты бұрандаларды орнатуға мүмкіндік бермеген.
"Сондықтан асимметриялық әрі жоғары дәлдікті талап ететін бекіту әдісін қолдануға тура келді. Бұл тәсіл науқасты ерте қозғалысқа келтіруге мүмкіндік береді", деп түсіндірді дәрігер.
Операция сәтті өтіп, науқас отадан кейінгі алғашқы күні өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. Ал келесі күні өздігінен жүре бастады. Қазіргі таңда ол аурухананың оңалту бөлімінде қимыл-қозғалысты қалпына келтіру жаттығуларын жасап, қарқынды ем қабылдауда.
Бұған дейін Қызылордада алғаш рет бір күнде үш бүйрек ауыстырылып, ота жасалғанын жазғанбыз.