Әлішер Науаи атындағы Ұлттық киноөнер сарайында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігі тарапынан, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қазақ киносының күндері өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Өзбек көрерменіне қазақ кинематографиясының бай мәдени мұрасы мен заманауи жетістіктерін бейнелейтін "Әміре", "Дос-Мұқасан" және "Паралимпиец" көркем фильмдері ұсынылды.
Іс-шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов екі бауырлас халық арасындағы мәдени байланыстарды жүйелі түрде дамыту маңызды екенін атап өтіп, өнер қайраткерлерінің елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан елеулі үлесіне ерекше назар аударды.
Ташкент қаласында Қазақ киносының күндерін өткізу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени диалогты кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады және гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді.