Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Жыл басынан бері 60-қа жуық медицина қызметкеріне шабуыл жасалған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану мен қатыгездік әрекеттері үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірлеген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер топтамасын қабылдады.
– Заң жобасы Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді көздейді. Аталған бапта қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді, – делінген хабарламада.
Ұсынылып отырған нормаларға сәйкес:
- өмірге және денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқытқаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді;
- аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайлармен жасалған жағдайда жаза қатаңдатылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде белгіленеді;
- өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолдану үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, ал ауырлататын мән-жайлар болған кезде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Сонымен қатар, заң жобасында Қылмыстық-процестік кодекске осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеп-тексеру мен анықтауды ішкі істер органдарының құзыретіне бекіту нормасы енгізіледі.
– Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік көрсету арқылы жасалатын шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын.
Президент мұндай оқиғалар медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатына елеулі зиян келтіретінін атап өтіп, олар "Заң және тәртіп" қағидаттарына сәйкес құқықтық алаңда қатаң түрде тоқтатылуы тиіс екенін баса айтты, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство деректері бойынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл дерегі тіркелген.
Осы жылдың өзінде мұндай 58 факт анықталып отыр.