Шымкентте өркениет игілігінен артта қалған Көксай шағын ауданындағы апатты үйлер жаңғырту тұжырымдамасы аясында сүріліп жатыр. Биыл 11 үйдің алтауы бұзылып, жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал пәтер иелеріне жаңа баспана берілді. Бас жоспар бойынша тағы қандай жұмыстар атқарылды?

Бас жоспар бойынша Көксай шағын ауданының бүгінгі келбеті түбейгелі өзгереді. Есі үйлер реновация жобасымен біртіндеп сүріліп, орнына көпқабатты заманауи тұрғын үй салынады. Қазірдің өзінде 103 отбасы жаңа пәтерге көшірілді.

Марлан Жолдахмет, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта СПК тарапынан конкурс ұйымдастырылып, босаған жерлерге көпқабатты үй салу бойынша байқау жарияланған болатын. Оның мердігері анықталды.

Көксайда 20 мыңға жуық халық тұрады. Талдау қорытындысына сәйкес демографиялық өсім ескеріліп, аумақты аудандық орталық ретінде қайта құру ұсынылды. Жаңа мектеп, балабақша және аурухана салу үшін арнайы жер телімі бөлінді.

Ерхан Нұрсейітов, №31 жалпы орта мектебінің директоры:

- Мектептің іргетасы 1937 жылы қаланған. 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен мектеп. 33 сынып бар. Екі ауысымда оқып жатыр.

Жаңадан бой көтеретін әлеуметтік нысандар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сала мамандарының айтуынша, биыл магистралды су құбырын тарту жұмыстары басталып, құрылыс 60 пайызға аяқталды. Кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Сәбит Үсенов, Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта Көксай шағын ауданына кәріз құбырын тарту жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бюджетке өтініш беріліп, құрылыс жұмыстарын бастауға ұсынылады. Қазіргі уақытта қарқынды жұмыс жасалуда.

Қаланың қарқынды дамуына байланысты Көксай шағын ауданын жаңғырту тұжырымдамасы бекітілді. Жоспарға сәйкес алдағы бес жылда инфрақұрылым толық қамтылып, жайлы орта қалыптасады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов