Алматы әкімдігінің өкілдері қаладағы бас шыршаның қашан жағылатынын айтты. Мерекелік шоу 18 желтоқсанда өтеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңа жыл мерекесіне орай 18 желтоқсан күні, сағат 19:00-де Республика сарайы алдындағы Абай алаңында Алматы қаласының бас шыршасы жағылады.

Кеш аясында сағат 19:00-ден 20:30-ға дейін көрермендерге арнап арнайы дайындалған ауқымды мерекелік шоу-бағдарлама ұсынылады.

Мерекелік кештің сахнасында Қазақстан эстрадасының Роза Рымбаева бастаған танымал өкілдері өнер көрсетеді.

Сондай-ақ олардың қатарында "Жігіттер" тобы, Әли Оқапов, "KешYOU" тобы, Балжан Бидаш, Мәди Рымбаев, ASTRA тобы, Kodi сияқты жұлдыздар бар.

Сонымен қатар Абай алаңында кішкентай көрермендерді Аяз Ата мен Ақшақар, басқа да ертегі кейіпкерлері қарсы алып, керемет көңіл күй сыйлайды.

Әкімдіктегілер қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік атмосфераны бірге сезініп, Жаңа жылдық шырша шамын бірге жағуға шақырады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз