Түнде Алматыдан Бангкокқа бет алған Air Astana ұшағы діттеген жеріне жете алмай, Дели әуежайына мәжбүрлі түрде қонды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жолаушылардың айтуынша, әуе кемесінің сол жақ қозғалтқышынан қатты дауыс шығып, салон ішінде күйік иісі сезілген.

Бұл оқиға ұлттық тасымалдаушының беделіне сын болып отыр, себебі дәл осындай келеңсіздік екінші күн қатарынан қайталанып жатыр.

Түнгі мезгілде орын алған KC931 рейсіндегі жағдай жолаушыларды әбігерге салды. Куәгерлердің сөзіне сенсек, ұшу кезінде кенеттен сол жақ қозғалтқыш тұсынан гүрс еткен қатты дыбыс естілген. Осы сәтте ұшақ күрт төмендей бастап, салон ішін қолқаны қабатын жағымсыз иіс алып кеткен.

Әуе кемесінің командирі шұғыл шешім қабылдап, лайнерді Үндістанның Дели қаласына қондырды.

Апатты жағдайдан кейін де қиындықтар аяқтала қоймаған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, адамдарды ұшақ ішінде екі сағаттан астам уақыт ұстаған. Тек содан кейін ғана экипаж мүшелері борттың техникалық ақауға байланысты бұдан әрі ұша алмайтынын ресми хабарлаған.

Қазіргі таңда барлық жолаушы Дели әуежайының терминалына орналастырылды. Олардың әрі қарайғы тағдыры мен Бангкокқа қашан жететіні туралы ақпарат әзірге нақтыланып жатыр.

Бұл Air Astana компаниясына қатысты соңғы 48 сағаттағы жалғыз оқиға емес. Естеріңізге сала кетейік, кеше ғана, 17 желтоқсанда Алматы – Астана бағытындағы Airbus A321 ұшағында да ақау шыққан болатын.

Ол кезде де ұшақ салонын түтін басып, экипаж халықаралық «MAYDAY» дабыл белгісін жариялауға мәжбүр болған еді. Нәтижесінде ұшақ әуеге көтерілген Алматы әуежайына шұғыл қайта қонған.