Еліміз мұндай жетістікке екінші жыл қатарынан қол жеткізіп отыр.


Қазақстандағы дәнді дақылдардың рекордтық өнімі осы жылы 27 млн тоннаға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ, биыл 1 млн тонна көлемінде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемінде майлы дақылдар тұқымдарының рекордтық өнімі алынған. Мұндай статистикалық деректерді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мысалға келтірді.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы маусымдық өсу кезеңіне өткен. Саланың жалпы өнім көлемі 6,1%-ға көбейіп, қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа жеделдеген.

– Өсім өсімдік шаруашылығындағы көлемнің 7,6%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілген, бұл қолайлы күн райына, дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты.
Мақта жинау бойынша жоғары көрсеткіштер күтілуде. Жалпы сала бойынша ең үлкен өсімді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті, – деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов "Астанадағы арзан сиыр етін сату тәжірибесін бүкіл елде кеңінен қолданған жөн" деп мәлімдеген еді.