Тыйым салатын заңды Сенат та мақұлдады.


Заң адамдарды дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттаудан қорғайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Парламент Сенаты Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды бірінші оқылымда мақұлдап отыр.

– Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мақсатында заңда ашық кеңістікте, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилия мен дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген, – делінген заңға берілген қорытындыда.

Халық қалаулыларының сөзінше, осы құжат жастарды қоғамымызға тән емес дәстүрлерді насихаттаудан қорғау, Неке және отбасы институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілету, балаларды отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында тәрбиелеуді қамтамасыз етеді.

Сенат мақұлдаған заң аясында Еңбек кодексіне, сондай-ақ 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.