Орта салмақ санаты бокста ең табысты дивизиондардың бірі саналады.
Аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орта салмақ дәрежесіндегі боксшылар арасында табыс көлемі бойынша көш бастап тұр. Ол кәсіби мансабында жалпы 150 миллион АҚШ доллар тапқан.
Орта салмақ санаты бокста ең табысты дивизиондардың бірі саналады. Бұл салмақта жоғары техникалық деңгейдегі спортшылар өнер көрсетіп, ірі көлемдегі сыйақы үшін жекпе-жекке шығады. Геннадий Головкиннің жалпы табысының 82 миллион доллары Сауль "Канело" Альвареспен өткізген үш жекпе-жектен түскен.
Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында Бернард Хопкинс тұр. Ол 51 жасқа дейін кәсіби рингте өнер көрсетіп, мансабында 60 миллион доллар, ал Оскар Де Ла Хойя суперорта салмаққа ауысқанға дейін орта салмақта 50 миллион доллар табысқа кенелген.
Орта салмақтағы өзге де танымал боксшылардың қатарында Джермалл Чарло (WBC нұсқасы бойынша — 5 миллион доллар), Крис Юбанк-кіші (12,5 миллион доллар) және Эрисланди Лара (3 миллион доллар) бар.
Тарихтағы ең ірі гонорарлар қатарында Геннадий Головкиннің Сауль Альвареспен өткен қарымта жекпе-жегі үшін алған 30 миллион доллары, Бернард Хопкинстің Оскар Де Ла Хойяны жеңгені үшін тапқан 10 миллион доллары, сондай-ақ Альварестің суперорта салмаққа ауысар алдындағы орта салмақтағы табысы — 40 миллион доллар болғанын ерекше атап өтуге болады.