Қазақстанда энергетика саласын ауқымды жаңғырту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2030 жылға дейін ел бойынша 200-ге жуық энергетикалық нысан реконструкцияланып, 86 мың шақырым инженерлік-коммуналдық желі жаңартылады.
Бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.
Президент соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру көлемі 16 млрд кВтсағатқа артқанын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде жалпы қуаты 25 ГВт болатын 237 электр станциясы бар, нақты қолданыстағы қуат – 21 ГВт.
Жүйелі реформалардың нәтижесінде энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығы артқан. Өткен жылы жылыту маусымындағы технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарып, бірқатар жылу электр орталықтары тәуекелі жоғары аймақтан шықты.
Мемлекет басшысы энергетика саласын түбегейлі модернизациялау елдің экономикалық өсімі мен цифрлық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.