2025 жылғы 18 желтоқсанда Сенаттың пленарлық отырысында сенатор Сергей Ершов ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөніндегі түзетудің Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.


Депутат "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңға түзету енгізілетінін еске салды. Аталған түзетуге сәйкес, дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салу көзделіп отыр.

"Аталған мәселе қоғамда белсенді талқыланып жатыр. Сенатқа азаматтардан да, түрлі үкіметтік емес ұйымдардан, соның ішінде халықаралық ұйымдардан да өтініштер келіп түсуде. Онда бұл норма Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деген пікір айтылған. Осыған байланысты уәкілетті органдардан жауап беруді сұраймын. Мәдениет және ақпарат министрлігіне сұрақ, сіздер ҮЕҰ-мен, соның ішінде халықаралық ұйымдармен, осы норманың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру бойынша кездесулер өткіздіңіздер ме? Заң қабылданғаннан кейін қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі?" – деді сенатор.

Ал Әділет министрлігіне ол бұл норманың Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес келмейтіні туралы пікірлерге құқықтық баға беруді сұрады.

"Бұл мәселені талқылаудың барлық кезеңінде адам құқықтарының іргелі қағидаттары, Конституцияға және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкестік негізгі басымдық берілді. Егер 2024 жылғы маусымнан, яғни порталға петиция орналастырылған кезден бастап қарасақ, жұмыс тобының құрамына осы мәселемен айналысатын барлық ҮЕҰ мен құқық қорғау ұйымдары енгізілді. Барлық отырыстар барынша ашық әрі айқын өтті",- деді мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов

Оның айтуынша, әрбір кезеңде барлық тараптардың пікірлері тыңдалған. Сонымен қатар түрлі алаңдарда кездесулер өткізілген, соның ішінде маусым айында БҰҰ-ның Еуропалық кеңсесінде Универсалдық мерзімді шолу аясында сарапшыларға заңның ережелері түсіндірілген. Бұдан бөлек, Әділет министрлігінің жанында Еуропалық одақпен бірлескен жұмыс тобы жұмыс істейді.

Бұған дейін Сенаттың ЛГБТ-насихатына тыйым салу туралы заңды мақұлдағанын жазғанбыз.